Ләлә БАҚЫТНҰРҚЫЗЫ: «Бұлбұл» әні бағымды ашты!

0
265

Ләлә (Мөлдір) Бақытнұрқызы эстрада мен опералық өнерді қатар алып келе жатқан әнші. Ол 2010 жылы «Шабыт» фести­валінің лауреаты болса, 2012 жылғы респуб­ликалық опера фестивалінің лауреаты атанды. Ләлә тыңдарман жүрегіне «Бұлбұл» әнімен жол тапты. Ән бұлбұлын 2016 жылы «Жылдың үздік әншісі» атағы іздеп тапты. Таланты мен талғамы үйлескен тал шыбықтай қазақтың ерекше өнер иесі Ләлә Бақытнұрқызымен төмендегі сыр-сұқбат оқырман назарына ұсынылып отыр.

– Ләлә Бақытнұрқызы, ата­мекеніңізге орал­ғаны­ңыз­ға он жылдан аса уа­қыт болыпты. Осы ке­зең аралығында Сіз­дің өз тың­дарманыңыз қа­лып­тас­ты. Мұның сыры неде?
– Атамекеніме үлкен са­ғы­­­нышпен, қуанышпен кел­дім. Талай қазақтың маң­да­­йалды өнер иелері шық­қан Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясына түсіп, оны музыкалық драма ма­ман­­дығы бойынша біті­ріп шықтым. Өнер жолын қа­сиетті қарашаңырақ – Жам­­был атындағы мемлекет­тік фи­лармониясынан бас­­та­дым. Қазақтың бұлбұлы атан­ған Күләш апамыздың та­баны тиген сахнада тұрып ән с­алудың өзі бақыт емес пе?! Сол ойдың өзі керемет әсер сыйлады. Мұны өзім де жақ­сылыққа баладым.
Алланың берген таланты­на сансыз шүкіршілік. Өзім­ді ешқашан ешкімнен жоғары қойған емеспін. Шамам кел­генше айналамдағы үлкен­дерден үйренуге, солардың ақылына құлақ асуға тырысамын. «Өнер – өлмес, үміт – сөнбес» дегендей, өнерімді қашанда жетілдіруге тырысып келемін. «Шынайы талант – 1 пайыз, еңбек –99 пайыз» дейді ғой. Осы қа­ғиданы ұстанып, шеберлігімді жетілдірудің арқасы болар ел тыңдайтын әншілер қа­тарына қосылып келе жатқаным.
– Сізді ән айтуды үш жасында бастапты дегенді құлағымыз шалып еді. Сол рас па?
– Өнерге ден қоюым шынымен үш жасымда басталған. Айтса адам нанғысыз, ата-анам мені өнер атты саланың қыр-сырын меңгертуге өте ертеден баулыды. Өйткені, өздері де өнер адамдары болғандықтан, жетістік тек еңбекпен келетінін жақсы түсінді. Әкем – Бақытнұр Оразақынұлы ақын, сазгер, әнші, ал, анам – Ақиқат Дәулеткелдіқызы хореограф, қытайдағы белгілі биші. Әкемнің ел айтып жүрген, белгілі үш жүздей әні бар. Екеуі де өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар. «Өнер көпке де жеткізеді, көкке де жеткізеді», – деп отырады әкем.
– Әкеңізді жақсы көреді екенсіз ғой.
– Әрине, ата-анам да, бауырым да маған айрықша қымбат. Өткен жылы әкеме арнап Алматы қаласындағы Студенттер сарайында «Сай­ра, бұлбұл» шығар­ма­­шылық кешімді өткіздім. Ата-анам Қытайдан осы кон­­цертке арнайылап келді. Әкем қатты қобалжып, көзі­нен қуаныштың тамшылары тамғанда, ата-анамның үмі­тін ақтадым ба екен деген ой­мен өзім да қатты толқып кет­тім.
– Иә, ол концертіңізде біз де болдық қой. Шығар­машылық кешіңізді көп­­шілік өте жылы қабыл­да­ды. Аншлагпен өткенін көрдік. Ине шаншыр орын болмады. «Қазақстан-1» ұлттық арнасы түсіріп, рес­публикалық эфирге шығар­ғанына да куәміз.
– Концерт эфирден өткен­нен кейін ел аймақтарынан көп сұраныс келіп түсті. Өткен жылы Алматы облы­сының біраз аудандарын аралап концерт қойдық. Жұрт­шылықтың ықыласы ерекше. Биыл бірнеше облыстарда концерт өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Шетелге гастрольдік сапарларға шығу жоспарда бар ма?
– Иә, өткен жылдың наурыз айында «ЭКСПО» халық­ара­лық көрмесінің Қа­зақ­станда өткі­зілетіндігін на­си­­хаттау мақ­сатында Еуро­паның Чехия, Австрия, Германия елдерінде бірнеше концерттер беріп қайттық. Сахнаға ұлттық костюмдеріммен шықтым. Әннің тілі басқа болғанымен, әуені жүрекке төте жол тартады ғой. Тыңдарман «Бұлбұлды» үш рет айтқызды. Ән үстінде «Қаражорғаны» билеп, еуро­па­лықтарды бір серпілтіп тастағанамыз бар.
Сондай-ақ алдыңғы жы­лы Бейжің қаласында Ел тәуел­сіздігінің 25 жылдығына орай «Сазген» оркестрінің сүйе­мелдеуімен концерт бердік. Зал лық толды. Ол жақтағы қандастарымыз Қазақ­стан­нан келген өнер­паздарға қа­шанда шөліркеп тұрады. Өте тамаша концерт болды. Жалпы мені Қытайға жиі ша­қырады. Мүмкіндігіне орай ба­рып тұрамын.
– Ләлә, өзіңізді тыңдар­ман­мен жақындастырған, да­уыс диапазоныңызға өте үй­ле­сімді келетін «Бұл­бұл» әнін таңдау себебін ай­ты­ңызшы…
– Кей адамдар сенбейді, шындығында «Бұлбұл» әні­мен мен анамның құрса­ғында жатқанымнан таныс едім. Анам: «Сен құрсағымда болғанда мазасызданып кет­кен кездерде «Бұлбұл» әнін айтсам, тынышталып қала­тынсың. Сонда мен бұл әннің сенімен байланысы барын ұқтым», – дейтін. Ол кезде үйіміздің айналасы бақ болушы еді. Мен дүниеге келіп, есімді біле бастаған кезімде сол бақшадағы бұлбұлдар сайрағанда жаным жадырап, құстармен жарыса оларды қайталауға тырысушы едім. Сөйтіп бұлбұлдың сайрауын салуға машықтанып алдым. Мектепте оқып жүрген кезімде байқауларға қатыса бастадым. Әкем сонда осы әнді айтуға ұсыныс білдірді. Байқауға қатысарда бұлбұлдың әуенін ерінбей 80 ретке дейін қайталайтынмын. Бұл әнмен достығымыз солай ертеден бастау алады. Құдайға шүкір, осы әнмен талай халықаралық бай­қау­ларда жүлделі орындарға қол жеткіздім.
– Бізде Қазақстанда «Бұл­бұл» әні негізінен КСРО халық әртісі Бибігүл Ахметова есімімен байланыстырылады. Ол кісімен жолыға алдыңыз ба?
– Әрине, ол кісіні менің өнердегі пірім десем болады. Қазақстанға келіп, Өнер академиясына түскен жылы, 1-курста Бибігүл Ахметқызы шеберлік сыныбын өткізді. Жоғарғы курс студенттері фортепиано сүйемелдеуімен «Бұлбұлды» айтқанда көпші­лігіне көңілі толмай, қатты сын-ескертпелер жасады. Кезек маған келгенде қат­ты қобалжыдым. Содан іштей кә­лимамды айтып, «Бұл­бұл­ды» әуелеттім. Бибігүл апамыз сүйсіне тыңдап, басымнан сипап, ақ батасын берді. Күләш апамыздан ке­йін «Бұлбұлды» сайратқан Би­бігүл Ахметқызының ізін жал­ғас­тырушыдай сезінемін өзім­ді.
Міне, біраз жыл болды «Бұл­бұлды» эстрадалық жанр­да айтып келемін. Көп­шілік риза. Қайда барсам да осы әнді сұрайды. Күләш, Бибігүл апаларымның бағын ашқан Латиф Хамидидің бұл әні маған да ақжолтай болды. Менің бағымды ашқан «Бұлбұл».
– Сахнаға алғаш шыққан кезіңізден күні бүгінге де­йін көздің жауын алатын ұлт­тық нақыштағы әдемі киімдеріңізбен ерекшеленесіз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз…
– Менің ұғымымда, өнер адамы – өз ұлтының рухани құндылықтарының насихатшысы, қамқоршысы. Сұлулықтың жаршысы. Еуропалық стильдегі әдемі киімдерді қай кезде де киюге болады. Онымен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Ал әлемге қазақ деген ұлттың қолөнерін, зергерлік өнерін, тігіншілік өнерін көрсетудің өзі – идеология емес пе?! Өнерін өзіме үлгі етіп алған Күләш, Бибігүл, Роза апаларымыздың үкісі желбіреген тақиясы, оюлы кеудешесі, желбір етек көйлегі өмір бойы жадымызда. Мен де сол кісілер сияқты болғым келеді. Солардың жолымен жүргім келеді. Мен сол себепті де сахнаға көбіне ұлттық киіммен шығамын. Менің сах­налық киімдерімді батыс өңірінің тумасы, өте талантты дизайнер Дина Оразова тігеді. Ол кісіге ризашылығым шексіз.
– Ләлә, осыдан бірне­ше жыл бұрын Талғат Құр­ман­бекұлы екеуіңіздің «Қа­­ражорғаны» билеген­де­рі­ңізді көріп, таң-тама­ша қалған едік. Осы шығар­ма­шылық жұптың биін жұрт­шылық асыға күте­тін секілді…
– Иә, Талғат екеуміз бі­раз жыл «Қаражор­ғаны», тағы басқа да қа­з­ақ­тың ұлттық билерін бір­ге орындап жүрдік. Ара­да Талғат кездейсоқ аяғынан жарақат алып, жұп болып билеуімізге мүмкіндік болмай қалған еді, кейін биімізді жалғастырдық. Бірақ бүгінде биден гөрі негізгі бағытымызбен айналы­суда­мыз. Менікі – вокал болса, Талғат сахна әртісі. Екеу­міздің шығармашылық бай­ла­­нысымыз үзілген жоқ. Ол менің продюсерім әрі ақыл­­шым. Бірнеше жылғы шығармашылық одақ Алла бұйыртса отбасылық одаққа ұласқалы тұр.
– Ләлә, онда қуаныштар ұзағынан болсын. Күллі оқырмандар аты­нан Сіз­дер­ді қуа­ныш­­тары­ңыз­бен құт­тық­таймыз. Енді алда­ғы шы­­ғармашылық жоспар­лары­ңыз туралы айтып өт­се­ңіз…
– Шығармашылық адамының жоспары әркезде көп қой. Өнер мектебін ашқым келеді. Үлкен-үлкен концерттер ұйымдастыру да – болашақтың еншісінде. Өз басым сөзден гөрі істі артық көремін.
– Ләлә, сырлы сұқба­ты­ңызға көптен-көп рақ­мет. Рес­публикалық қоғам­дық-сая­си «Президент және Ха­лық» газетінің ұжымы атынан Сіздерге шығар­машы­лық табыс және отбасылық ба­қыт тілейміз!

Раушан КАРШАЛОВА,
«Президент және Халық».

Жауап қалдыру