Каннды мойындатқан қазақ қызы

0
79

71-інші Канн кинофес­тивалі әлемге жаңа есім, қазақтың қаршадай ғана қызы – Самал Есля­мованы таныстырды. Жерлесіміз аса беделді әлемдік фестивальде «Үздік әйел рөлі» ата­ғын жеңіп алды.
Самал ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасында басты рөлді сомдаған. «Айка» атауы оның басты кейіпкерінің есімімен бай­ланысты қойылған әлеу­меттік драма. Туынды Қыр­­­ғызстаннан Мәскеуге заң­­сыз келіп, тұрып жат­қан мигрант қыздың өмі­рін суреттейді. Табанды ең­бек пен ұжымдық үлкен жұ­мыс­тың жемісі – «Айка» фильмі 6 жыл бойы түсі­ріліпті.
Самал Еслямова Сол­түстік Қазақстан облысында қазіргі Аққайың ауданы Аралағаш ауылында 1984 жылы дүниеге келген. Анасы орыстілді болғандықтан басында қызын орыс мектебіне бергісі келіпті. Бірақ алты жастағы Самал қазақ мектебіне барғысы келетінін айтқан. Бұл ойын әкесі қолдап, Самал қазақ мектебінің табалдырығын аттайды. Мектепті бітірі­сімен Петропавл қала­сындағы өнер колледжіне түсіп, қазақ театрының көркемдік жетекшісінің әр­тістік курсында оқып, театрда жұмыс істей бастайды.
2008 жылы режиссер Сергей Дворцевойдың «Қыз­ғалдақ» фильміне түседі. Түсірі­лімнен кейін Самал Ресейдің театралдық өнер институтына оқуға түседі.
Ұзақ уақыт Ресейда тұрғанына қарамастан Самал бойындағы ұлттық құн­­дылықтарды еш жоғал­т­паған. Қазақша ер­кін сөй­лейді, Каннда киіп шыққан ұлттық нақыш­тармен көм­керілген көйлекті арнайы таңдапты.
Бүгінде елге оралған Самал халқының ыстық ықыласын сезінуде. Күні кеше Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Канн жеңім­пазына Петропавлдан 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
ҚазАқпарат

Жауап қалдыру