Күй тербеді Жетісудың аспанын

0
102

Домбыра – Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқа арасын астам мекен еткен қазақ халқының тарихымен бірге жасасып келе жатқан киелі аспап. Домбырадан төгілген күй қазақтың шаттыққа бөленген шағында «Шалқыма», «Ақ желең», «Балбырауын»  болып шарықтады, қайғылы сәт­терінде «Кісен ашқан», «Қайран шешем», «Бозінген»  болып зар кешті. Осыдан болса керек, халқымыз домбыра мен күйді бөліп қарамайтын халге жеткен. Бұл егіз дүние қазақпен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан қос құндылық, ұлтымыздың баға жетпес  рухани байлығы.   Халықтық үні мен тілі болып қалыптасты.
Арыға көз жіберсек, XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген Абыл, Әлшекей, Әлікей, Бай­жұма, Байсерке, Баламайсан, Боғ­да, Дайрабай, Дәулеткерей, Дина, Есжан, Жантөре, Қазан­ғап, Құрманғазы, Саймақ, Сей­тек, Сүгір, Тәттімбет, Тоқа, Түркеш, Ықылас сынды күй­ші-композиторлар қазақтың ұлт­тық күй мәдениетінің жан-жақты да­му­ына мол үлес қос­ты. Оған  күй атасы Құр­ман­­ғазы Сағырбаев пен Дина Нұр­пе­йісованы қоссақ, ұлттық өнеріміздің тарихы мен даму кеңістігі айқындала түсері анық. Нұрғиса Тілендиев пен Әбдімомын Желдібаев сынды күйшілердің өнері халықтың құлақ құрышын қандырды.
Уақыт өткен сайын өнер де заман талабына сай өзгереді, дамиды. Кешегі қызыл кеңес кезінде қазақ күйлері жеке орындаушылықтан гөрі ансам­бльдер мен оркестрлерге арна­лып қайта өңделіп, орын­дала­тын болды. Мазмұны мен орын­далуы түр, дауыс жа­ғы­­­нан да жаңара түсті. Күй сарын­дары қазақ өнерінің опера, балет, симфония және кино туын­дыларында кеңінен пайда­ла­нылды. Демек, күй өлмек емес. Ол – мәңгілік ұлт­тық өнері­міздің қасиетті түрі  болып қала береді.
Дегенмен, қазіргі жаһандану за­манында ұлттық өнеріміздің қайнар көзі әсем әнмен, күмбірлеген күйден гөрі сөзі де, әуені де түсініксіз, халықтың есінде қала бермейтін кекем-секемі көп шығармалар көзге көбірек шалынады. Кейде халық әсіресе, үлкендер жағы дом­быраның қоңыр үнінен төгілген күдіретті күйдің сарынын ес­туге құмар-ақ.
Міне, осы­нау халықтың ұлт­тық өнері­мізге деген са­ғы­­­ны­шын ескере отырып, Ал­­маты облыстық ішкі сая­сат басқармасының қол­дауы­мен, облыстық өңірлік ком­муникациялар қызметі ұлттық аспапты, ұлттық өнерді дәріп­теу, халқымыздың дәстүрлі ән-күйлерін насихаттау, өске­лең ұрпаққа патриоттық тәлім-тәрбие беру, жастардың қоғамдағы белсенділігін арт­тыру мақсатында «Dombra Party – non stop» шарасын өткізді.
Сондай-ақ, ұлттық аспапты, ұлттық өнерді дәріптеу, дом­бы­раны төрде ілініп тұратын этног­рафиялық ежелгі жәді­гер қалпынан түсіріп, кез кел­ген қазақ ойнай алатын жал­пы­ұлттық аспапқа айнал­дыру, халқымыздың дәстүрлі ән-күй­­лерін насихаттау, өске­лең ұрпаққа патриоттық тәлім-тәрбие беру, жастардың қоғам­дағы белсенділігін арт­тыруға арналды.
Шара­ны ұйымдастыруда оның қа­зақи реңкте өтуі ерекше назарға алынған екен. Алматы облыстық «Журналистер» үйі­нің ауласына сегіз қанат ақбоз киіз үй тігіліп, үйдің ішінде орындаушылар үшін арнайы сахна орналастырылған.
Иә күндізгі сағат 15:00-де басталған  ұлттық ән-күй әуені келесі күні дәл сол уақытқа дейін 24 сағат, яғни тәулік бойы Жетісу аспанында қалықтады.
Мәдени шараның негізгі бөлімінде аға, орта және жас буын өкілдерінің арасында күйжарыс ұйымдастырылды. Қала тұрғындары ұлттық өнері­­мізді дәріптеуге арналған шараға зор құрмет көрсетіп, түннің бір уағына дейін асқақтаған ән мен күмбірлеген күйдің әуенін қызықтады. Кәсіпқой өнер саңлақтары да ән салып, күй тартты. 8-10 жасар балалардан жасақталған оркестр де өз өнерін ортаға сал­ды. Тіпті, домбыраны құй­­­қыл­жыта тарту былай тұрсын, оны жоғары көтеріп, айналдырып тарту машықтары да көрсетілді. Шараға қатысып, «өнер көр­сетем» деушілерге де шек қойылған жоқ. Бұл «Өнерге әр­кім­нің-ақ бар таласы» дегендей, жиналған халық «Әу деп, ән салмайтын, қолына домбыра ұстамайтын қазақ жоқ» екенін тағы бір танытты.
«Dombra Party – non stop» жобасының авторы, Қазақстанға танымал блогер Данияр Баях­метұлының айтуынша бұл ұлттық өнеріміздің асыл қазы­насын халыққа өз қалпында жеткізу, қазіргі кезде эстрадаға еліктеп кеткен жастардың назарын бір сәт болса да, жан толқытқан күйге, қазақтың кең даласындай әсем әуенге қарай аудару болмақ.
Расында, республика көле­мінде бұрын-соңды бол­ма­ған бұл тың жоба көп­шіліктің көңілінен шықты. Тың­­дар­ман­дардың жүрегіне дом­быраның күмбірлеген қо­ңыр үнімен ұлы дала дауысын жеткізе білген күйшілерге сый-сияпат көрсетілді.

Ғ.БИШАЛОВ

Жауап қалдыру