Көңіл шіркін

0
159

Түркістан облысы Төлеби аудандық «Төлеби туы» газеті бас редакторының орынбасары Орынбасар Сүттібаевтың өлеңдерімен оңтүстіктің жұрты жақсы таныс. Оның алғашқы өлеңдері сонау 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан жас ақындардың «Қарлығаш» және басқа да ұжымдық жыр жинақтарына, мектеп оқулықтарына енген. Одан бергі уақытта әдебиетсүйер қауымға «Қазығұртым киелім», «Темірқазық», «Бекзаттық», «Перзент парызы», балаларға арналған «Біз мектепке барамыз» кітаптары жол тартты. Көптеген өлеңдеріне белгілі сазгерлер ән жазған. «Ұшырдың баптап ұядан» – деп басталатын «Әкем – әнім» әні барша қазақтың сүйікті әуеніне айналған. Төменде ақынның бірнеше өлеңі ұсынылып отыр.

КӨҢІЛ ШІРКІН

Көңіл, көңіл, ақ қанат шағала ма,
Қуанғанда көгіңде қалықтайтын.
Өр толқындай асыққан жағалауға.
Әуенін-ай, тыңдасаң жалықпайтын.

Көңіл, көңіл, көк дөнен жорғасы бар,
Тұлпар мезгіл жаңылмас шабысынан.
Пенде шіркін өлгенше жолға асығар,
Жаңылғанша кірпіктің қағысынан.

Көңіл, көңіл, ақ қайнар бұлағың ба,
Кіршіксіз, бұлқына ағып мөлдіреген.
Асаудың асыр салған құлағында,
Жиырма бестей, албырт шақ ол бір өлең.

Көңіл, көңіл ақ күміс сырға ма еді,
Діріл қаққан арудың құлағында,
Көктемдей ме, шақырар қырға мені,
Табындырар гүл-дүние жұмағына.

Көңіл, көңіл, ақ ұлпа аспандағы,
Самал жел алып қашқан дүрмегімен.
Көлімнің қара бауыр қасқалдағы,
Қиқулап қазы, үйрегі бірге жүрген…

…Көңіл-ай, кім таба алар қалауыңды,
Мен жерде, ал сен жеті қат көктемісің.
Сөндіріп алмаса екем, алауымды,
Өмірдің алды күмән, өткені шын…
х х х
…Көңіл шіркін жүрмесін ылайланып,
Базары, бар шаттығы былай қалып.
Өткен күндер оралмас қайта айналып,
Жұмыр жер қозғалғанмен шыр айналып.

Алда өмір, бұлдыры көп жол тұр әлі,
Арбайды сұлу мен жалтырағы.
Қайғы орнын қуаныш алмастырып,
Шөл көңілді көл көңіл толтырады!

Таппаған көңіл тыным бір күн әлі,
Кеудеңе сыймай жүрек бұлқынады.
Көңіл-ай, ақ жаңбырсың нөсерлеткен,
Жаныңды жадыратар нұр тұнады…

ҚИЯЛ

Не күтер білмен жолымда,
Таң атар тағы, ол анық.
Көп күндер қалған соңымда,
Елес боп кетті жоғалып.

Елес боп қалды, елес боп,
Жылағын мейлі, келмейді.
Қол бұлғар алдан белес көп,
Жетем деп пендең шөлдейді.

Жеткізбес қиял, көктегі,
Жеті қат аспан үстінде.
Көп гүлдер өскен көктемгі,
Көктемей солар қыс күнде.

Кеудеге көп ой сияр ма?
Беріліп кетсең қиялға.
Қияла жаным, қиялда,
Соңда емес өмір, сыйы алда.

ЕМДЕЛЕМІН

Керегі жоқ, дәрі мен дәрмектің де,
Жаным жүдеп, ұйқысыз сенделемін.
Тірліктің дәмін таттым, кермек міне,
Туған жер, топырағымен емделемін.

Керегі жоқ, ине де шаншымағын,
Дақ түсірмес тәніме пендең едім.
Туылғаннан сыйлаған таң шуағын,
Туған жер самалыңмен емделемін.

Керегі жоқ, дәрігер, емшінің де,
Жайымды ұқ, жан жарым сенде менің.
Жүрегім ең, жүрекке еніп ал да,
Туған жер бұлағындай емде мені.

Керегі жоқ, жылы сөз, мейірім де,
Алыста емес, ұғыңдар, ең керегім.
Бар қазақтай туғаннан пейілім де,
Туған жер киесімен емделемін…

…Тұнықпын, кейде соққан дауылдаймын,
Зағамбар менің алтын бесігім ең.
Туған жер, саған барсам, ауырмаймын,
Өмір жіп алға сүйреп, есілумен…

Жауап қалдыру