Бақтыбай Жолбарысұлы

0
218

Жетісу өңіріндегі атақты ақындардың бірі – Бақтыбай Жолбарысұлы. Ол Қабан жырау жолын жалғастырып, ел ішінде жастайынан аты шыққан. Бақтыбай ақын 1842 жылы маусым айында дүниеге келген, алпыстан асқан шағында дүние салған. Руы –Жалайыр. Атасы Аңламастан Аю, Жолбарыс, Үден деген үш бала өрбіген. Жолбарыстан Тәттібай тарайды. Ол кезде Талдықорған жағындағы биік-биік таулар ішінде, жыра-сайларда аю, жолбарыс сияқты ірілі-уақты аң-құстар өте көп болған. Аңламас қарияның балаларын сондай күшті аңдардың атымен атауында гәп бар. Күш пен айланың заманында аю, жолбарыс сияқты батыр туса екен деп армандаған болуы керек, бірақ оның ұрпағынан Бақтыбай сияқты атақты ақын шығарын, әрине, ол білген жоқ.
Адам тағдырының сонша қиын да қызық екенін мынадан байқайсыз: жеті айлығында шала туған нәрестені атасы Аңламастан қалған ескі тымаққа салып, бір ай бойы кереге іліп қойған. Бала үш күн бойы ауызына нәр алмапты. Ескі ырым бойынша, шешесі Шәуке қайнысы Үденнің тұзақпен ұстап, үйінде бағып отырған бұлбұл құсын сұрап алып, жас нәрестені соның тілін таңдайына салып ауыздандырған екен.
Бақтыбай жеті жасқа келгенде әке-шешесі бірдей өліп, нағашысы асырап алады. Жас баланың он жасқа келгенше тілі шықпаған. Он екі жасында нағашысының ешкілерін қасқырға талатып, қорыққанынан күзгі жауында, суық түнде өз еліне қарай қашады. Әрі тоңып, әрі қорқып келе жатқан бала айдалада әлі шоғы сөне қоймаған жер ошаққа кез болған. Соның күліне аяғын тығып жатса, көзі ілініп кетеді. Түсінде Қабан ақынды көреді. Ел Ескелді, Балпықпен қатар әулие санайтын осынау аруақты ақын: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» – деп сұрапты-мыс. Бақтыбай: «Өлең аламын» деген. Қабан ауызына түкіріп, «жұтып қой» депті. Шаттана оянған баланың сол күннен бастап тілі шығып, айнала дүниеге ақын көзімен қарай бастайды. Бұл туралы өзі де былай деген:
Жасымда жетім болып безіп кеттім,
Қаңғырып айналаны кезіп кеттім.
Түсімде Қабекеңнен өлең алып,
Қызырға бай қылатын кезікпеппін.
Айдалада адасқан бала елін таба алмай келе жатқанда, ұзын қара жолдың үстінде бір сауда керуеніне кездеседі. Бұлар кіреші өзбектер екен. «Еліңді тауып береміз» деп баланы алдап, өздерімен бірге алып кетеді. Сөйтіп, үш жылдай өзбектерде ма­лайлықта жү­реді. Есі кірген соң күншы­ғыс жақ­та, Қа­ратал, Көксу өзендерінің бо­йында елі бар екенін білетін боз­бала бір түнде қашып кетеді. Жолда жер өлшеп жүрген бір орыс инженеріне кездеседі де, оның да жұмысын бір жылдай атқарып кө­мек­теседі. Ақыры ақысын бермейтініне көзі жеткен соң өрістегі жылқысынан бір жүйрік ұстап мініп, «елім қайдасың?» деп тартып отырады….
Көп қорлықпен, әркімнен сұрастыра жүріп ауылын табады. Маңдайынан сипай қойған ешкім жоқ. Әкесі Жолбарыстың ағасы Аюдың ешкілерін бағысады. Ешкі соңында жүрсе де өмірдің тақсіретін көп тартқан, бірақ жүрек оты лаулаған бала өздігінен домбыра тартуды үйреніп, жиын-тойларда ән айтып, ауыл елге таныла бастайды. Өнерінің арқасында ешкі бағудан құтылады.
17 жасында Жетісудың азуы алты қарыс билеушісі, халық «хан» атаған, орыс полковнигі, Абылай ханның немересі Тезек төрені іздеп баруы оның бойындағы ақындық алапат күш пен өжетілігін аңғартатындай. Оқиға былай болған: Тезек төре «Алман» деген жайлауда ақ шаңқан үйлерін тіктіріп, шаруа істейтін қараша үйлерден алыстау отырады екен. Өзі шақырмаса, оның ауылына баса-көктеп ешкім бара алмаған. Шақырылып барғандардың өзі аттарын алысқа байлап, қол қусырып жаяу келген. Қолында кішкене домбырасы бар жұпыны киімді бала жігітті ешкім елең қылмайды. Ордасында ақылымен, шешендігімен аты шыққан Суан Қожбамбет бидің Тезек Төремен әңгіме-сұхбат құрып отырғанын алыстан байқап-біліп, аңдаусызда үй сыртына жеткен Бақтыбай Ескелді атасының аруағына сыйынып, өлең тиегін ағыта жөнеледі:
Үш жүзге «Абылайлап» шыққан атың,
Ешкімге біленбеген жаман атың.
Кембағал алдыңызға келді қонақ–
Алла –жар, білесіз ғой жетім хақын.
Шешенде тіл, шеберде мін бола ма,
Нашарда шығатұғын, үн бола ма.
Ақ сүйек хан иемнің баласы едің,
Бір аттар босағаңнан күн бола ма?!
Затында өзі де ақын, бірақ хан тұқымы болған соң, жөнсіз жайыла бермейтін Тезек бала жігіт қанша мақтап өлең айтса да сынағысы келді ме, әлде бейбастақ жігітке шын ашуланды ма, есік күзетіп тұрған жасауылдарына үй сыртында шаңқай түсте қақсап тұрған жетімді «Әрі қуып тастаңдар, кетпесе басын алыңдар» деп бұйырады. Табиғатынан өжет Бақтыбай жетіп келген екі жендетке: «Мен төрені даттағам жоқпын, мақтадым. Неге «басымды ал» дейді? Менің басымды төре алмайды, Алланың өзі алады» деген сөзін үйде отырып естіген соң Тезек көзбе-көз сынап көргісі келді ме екен: «Жарайды, кірсін!», – дейді. Жас ақын кірген бойда домбырасын қағып-қағып жіберіп, өлеңмен сәлемдеседі де, төрені біраз мақтаған соң, аяқ жағында:
Жас та болса мейманмын,
Қарсы алады деп едім.
Сары ала тұйғын сен едің,
Сары ала тышқан мен едім,
Тышқанға көзін салғандай,
Қарғалық заңың бар ма еді? – деп тиіседі.
Соңғы сөзіне ашуланайын десе де, мына балаң жігітте ақындық күш бар екенін сезген Тезек сабыр сақтап, тағы да сынамақ болады. Қожбамбет бимен екеуіне сызылып қымыз құйып отырған, бір байғұстан тартып алған ақ Дәнекер аталған сұлу тоқалын иегімен мезгеп:
– Мына сұлуды мен көркіне қызығып, ол менің хандығыма қызығып, тиген күйеуінен тартып алып едім. Мақтай аласың ба? – дейді Тезек. Бақтыбай: «мақтайын», – дейді. Сонда суан руынан шыққан Қожбамбет би:
– Сен, бала, Ескелді бидің тұқымы екенсің. Кейбір ақын қорыққанынан немесе жағыну үшін өтірік мақтайды. Өтірік сөз жүрекке жақпайды, арна жоқ жерден су ақпайды. Шын­дықты айтсаң, құдайдың өзі сақтай­ды, – деген екен. Бақтыбай сонда:
Отырсың Абылайдың сен малымен.
Қазақтың қой-жылқысы аз болды деп,
Жұттың ғой Дәнекерді дамбалымен.
Дәнекер – сіздікі емес, біздің қатын,
Тартып ап қатын қылдың білмей затын.
Төркіні Дәнекердің қоқандықтар,
Қоқанның қайын қылдың тәжік, сартын.
Қатынды кім мақтайды елден шыққан,
Қорқауға жұ­тыл­­ды ғой көр­ден шыққан…
– деп екеуін де оңдырмайды. Дәнекер бетін басып төмен қарайды.
1987 жылы «Жазушы» баспасында жарық көрген «Жел қобыз» атты Бақтыбай жинағынан алынып отырған осынау шағын үзіндіден-ақ талай жағдаятты аңғаруға қиын емес. Біріншіден, Тезек сияқты азуы алты қарыс арыстанның алдына бару үшін жүрек керек. Екіншіден, анандай батылдықпен батыра-батыра айту әр ақынның қолынан келе бермейді. Үшіншіден, тапқырлық, бейнелеп сөйлей білу үлкен дарынның үлесіне тиетін шаруа.
Бақтыбайда қысқа өлеңдер, жыр-толғаулар көп болса керек. Бәрі жиналмағанмен әлгі кітаптағы барының өзі бұл ақынның қаншалықты өткір, қылпып тұрған пышақтай қиып айтатын алғырлығын аңғартып тұр. Сондай десек те, Бақтыбай – алдына жан салмаған айтыс ақыны. Бұл – арнайы зерттелуге тиіс тақырып.
Бақтыбай мен Мәйке қыздың айтысы да сүбелі шығармалардың бірі. Мәйке ақындығын сыртынан естіп ғашық болып Бақтыбайдың артынан іздеп келіп танысады. Екеуі бір-біріне лайық екенін түсініп, бір жылдан кейін ағайындарының көмегімен қалың малын жиып беріп Бақтыбай мен Мәйке қосылады. Қос ақын бақытты өмір сүріп, Нұрыш деген қыз, Түсіпбек деген ұл сүйеді. Бақтыбай 60 жасында 1902 жылы сүзек ауруынан қайтыс болады. Мәйке беріде, 1932 жылы өмірден өткен. Ол өле-өлгенше, отыз жыл бойы өзі 17 жасында сүйіп қосылған ақынның жырларын насихаттаудан, жас ұрпаққа жаттатудан жалықпаған, домбырасына дейін сақтап, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған. Бүгінде Ескелді ауданындағы Бақтыбай ауылында биік дөңнің басында екеуіне сұлу ескерткіш орнатылған. Бұл жүректерін өнер арқылы жалғаған екеуіне деген қазіргі ұрпақтың сүйіспеншілігінің белгісіндей елестейді.

М.МАЛЫБАЕВ.

Жауап қалдыру