Ғазиза Парижде үздік атанды!

0
137

Уақыт шымылдығы тұмша­лаған құндылықтарымыз қайтадан ажары жарқырап, айдыны толып, халқымызбен қайта қауышуда. Жуырда Париж қаласындағы Александр Глазунов атындағы славян консерваториясында өткен Халықаралық конкурстан Алматыдағы Күләш Бәйсейітова атындағы арнайы музыкалық мектептің 7-сынып оқушысы Ғазиза Бекмұхамедова жүлделі екінші дипломмен оралды.
Еуропа, Ресей, Балтық жаға­лаулары елдерінен қа­тыс­қан жас өнерпаздар жас ерекшеліктеріне сай 5 топқа бөлініп, өнерлерін сарапқа салған. Байқауда Ғазиза композитор Ахмет Жұбановтың романстары мен Брамстың «Венгер биі» және неміс композиторы Луи Шфордың шығармасын скрипкада шебер орындап шығып, конкурсты ұйымдастырушылардың ыстық ықыласына бөленді. Финалдық бәсекеде бақ сы­наған Ғазиза Бекмұхаме­дова өз тобында ел намысын қорғап, жүлделі екінші орынды иеленді.
Бала көңіл үшін бұл байқау толқынысқа толы маңызды сәт екені айтпаса да түсінікті. Әлемдік классикалық музыка өнеріне құлаш сермеген Ғазиза Бекмұхамедова 6 жасынан бастап өнер жолына түскен. Оны бұл жолға алып келген Астанадағы апасы Роза Ғазизқызы екен. Ғазизаның өзінен үлкен ағасы Мұсабек те кәсіби музыкант. 6 жасынан бастап автор­лық шығармаларды орын­дап жүрген қызымыз бүгінде Күләш Бәйсейітова атындағы өнер мектебінде оқиды. Ұстазы – Жәми­ла Хамит­қызы Ишкаева. Ғази­заның Францияға жасаған сапарын­да жанында болған ұстазының да мерейі үстем болды.
Өнер адамы үшін кез келген марапат – бағалы. Ол шығармашылық адамының шабытына шабыт қосып, жаңа биіктерге жетелейтіні сөзсіз. Классикалық музыка жанрында қазақ қызы Ғазиза Нұр­бекқызының есімін ай­рықша атап өтуіміз де сон­дық­тан. Жас өнерпаз үшін мәдениеттің отаны сана­латын Париж сапары Ғази­заның алғашқы жеңісі болып отыр. Жеңісің құтты болсын, Ғазизажан!

Азат ҮСЕН.

Жауап қалдыру