Азат елім – айбыны асқақ Отаным

0
296

Белгілі ақын, танымал журналист Нұрлан Қалқа бұл күндері ердің жасы елуге толып отыр. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдаған ақын 1990-1992 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші, 1992-1997 жылдары республикалық «Жас алаш» газетінде тілші, бөлім редакторы болды. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Баспасөз қызметінде жауапты қызмет атқарған. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі болып қызмет етуде. «Әке» атты тұңғыш өлеңі 1984 жылы «Қазақстан пионері» газетінде басылған. Сондай-ақ бірнеше ұжымдық жинақтарға шығармалары енген. «Сейтек сарыны», «Астана», «Ырымдар және түс жору», «Астана – жыршуағы», «Балбөбекке бәсіре», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» атты кітаптардың авторы. Төменде ақынның бір топ өлеңдері оқырман назарына ұсынылып отыр.

АЗАТ ЕЛІМ
Тiлеп келем жайқалса деп Отаным,
Елiм үшiн терін төккен ботамын.
Сарыарқада, сайын дала төрiнде,
Бақ-бұлақтың кәусәр дәмiн татамын.

Туған өлкем жайнаса деп келемiн,
Әр күн сайын кереметін көремiн.
Алтай, Арқа, Жетісудай жерiмнен,
Табасың ғой қу жаныңа керегiн.

Асқар таулы, ұлан-ғайыр, мекенiм,
Мақтанышпен жырға арқау етемiн.
Көлдерінде балық бiткен ойнақ сап,
Орманында гүлге толар етегiң.

Не көрмеді, не кешпеді бұл дала,
Үйіндіге айналды ғой сан қала.
Жамбылдайын дауылпазын кiм бiлмес,
Өсiрген ел Абай сынды – ұл дана.

Тәуелсіздік –  мәңгі мұра, бұйырған,
Жырлап кетсем көкейден жыр құйылған.
Азат елім – айбыны асқақ Отаным,
Сен дәуірле, деп тәңірге сыйынам!

ҚАЗАҚ ЕЛІ – ЕРКІН ЕЛ АТАНҒАНДА
Еркіндігім – елдігім, ерен ерлік,
Ғұмыры ұзақ болады.
Сенем берік.
Қазақ Елі – еркін ел атанғанда,
Түркия ғой:
– Құтты болсын! – деген келіп!

Сүйіншілеп ақпарат ағылғанда,
Түркия ғой ең алғаш таныған да!
Ататүрік Елі ғой құшақ ашқан,
Қазақстан басқанда қадым алға.

Қазақ Елі еркін ел атанғанда,
Кардачтарым тып-тыныш жата алған ба!
Түркия ғой қол созған сонау жақтан,
Қалмасын деп Қазақстан қатардан да.

Еркіндігім – елдігім, ерен ерлік,
Көк Туымды биіктен келем көріп.
Әнұранын қазақтың әлем естіп,
Тәуелсіздік жемісін келем теріп.

ТАУДА ТУҒАМ
Таңғажайып өңiрде, тауда тудым,
Таңғы шыққа анашым бетiм жуды.
Төр жайлауда кiндiгiм қалған мәңгi,
Ағыл-тегiл жыр жазар өнер қудым.

Тау секiлдi мiнезiм, ашық кейде,
Көңiл – шалқар, қабағым – жайлау бейне.
Ойым – бұлақ, қанбассың ұрттап көрсең,
Кей қылығым жасырман оңған жейде.

Тау секiлдi қуанып, жылап қалам,
Мен мұңайсам сарғайып жатар далам.
Мауқым мүлде басылмас қанша кезсем,
Тау болмаса мәнсiз ғой мынау ғалам.

Тау басына шыққандай түс те көрем,
Хантәңiрi, Қулық тау, ғажап төр ең.
Ақтарылар жырларым бұлақтайын,
Таудай талап бойымда, биiк сөрем.

ҚУ ДҮНИЕ
Мақтанады біреулер байлығымен,
Ал біреулер қомақты айлығымен.
Кейбіреуі жұмыссыз сандалып жүр,
(Нан табудың өзі де қайғы кілең).

Мақтан етер шетелдік машинасын,
(Амал нешік қу дүние басынған соң?).
Жолы болмай біреулер базарда жүр,
Амалсыздан қор қылып асыл басын.

Мақтанады кейбіреу малыменен,
Қорадағы қойының саныменен.
…Біле тұра қу дүниенің баянсызын,
Байлықтан іздейді екен бағын неге?!.

ДОСТАР ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ
Қайырлы күн, достар,
Жақсылыққа бастар!
Сендер аман жүріңдер,
Мәнді өмір сүріңдер!
Мен сендермен көктеймін,
Дұшпаныма өктеммін.
Қуат алам сендерден,
Қысылғанда дем берген.
Ей, асыл достарым,
Жазылмаған дастаным!
Сендер жақсы жүріңдер,
Тойлап, ойнап, күліңдер!
Қадіріңді біліңдер,
Өлгенде емес, тіріңде…
Ей, жарқын достарым,
Ашық болсын аспаның!
Жаман жолға баспадың,
Жақсы іске бастадың.
Қайғым болса, бөлістің,
Арқауы боп көп істің.
Жоғым болса, толтырдың,
Алға қарай оздырдың.
Ей, иманды достарым,  
Жүзден ассын жастарың!
Жандарыңа бек ерем,
Мен сендермен көгерем.
Мен сендермен мақтанам,
Қуанамын, шаттанам!
Сендерсіңдер – бақ-қалам!
Бағыт ұстар құбылам,
Сендерсіңдер деп ұғам.
Аспандағы жұлдызың,
Жаныңдағы құндыңыз,
Аман болғай ұл-қызың,
Жақсы болсын тұрмысың!
Ей, қымбатты достарым!

Жауап қалдыру