Қазақтың Рамазаны

0
132
vector background with seamless floral pattern in blue, eps10, gradient mesh, clipping mask

Рамазан Стамғазиев бүкіл қазақ жұртына танымал өнер саңлағы. Оның өзіндік қоңыр үні мыңдаған жүректер­де жатталып қалған. Кейбір сыншылар оны қазақ­тың бүгінгі таңдағы №1 әншісі деп атайтыны да тегін емес. Ол 30 жылдан бері қазақтың халық әндері мен дәстүрлі әндерін кеңінен насихаттап жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері. Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің редакциясы Наурыз мерекесінің қарсаңында оқыр­мандарына әншімен шағын сұқбатты ұсынып отыр.
– Рамазан, сұқбатымыз наурыз мерекесінің қар­саңында өтіп жат­қандықтан сұрайын, өзіңіз куә болған алғашқы Наурыз мерекесі есіңізде ме?
– Неге есте болмасын?! Негізінен мен қазақи жерде туып-өстім. 1967 жылы мамыр айында Алматы облысы Райымбек ауданын­дағы Көкпияз ауылында дүниеге келіппін. Әкем Өмір­әлі, анам Ұлдахан, әжем Әйім­хан ұлттық әдет-ғұры­п­тарға жетік, ауылдың алтыауы­зының кезегі келгенде бұғып қалмайтын өнерпаз жандар еді. Шамамен он жастағы кезім ғой. «Ұлыстың ұлы күні» деп анам наурыз көже салатын. Дәмі қандай! Біздің ауылдың балалары наурыз мерекесі келгенде наурыз-көжеге әбден тоятын. Сол қастерлі мерекеміз келіп қалыпты. Халқымыздың күллі тілегі қабыл болсын!
– Өнер жолыңыз қалай басталды?
– Бұл туралы айта бастасам әңгіме көп. Өнерге құштарлық бала кезден басталды. Мектеп қабырғасында ән айтып жүретінмін. Кеңшардың партия ұйымының хатшысы Бексырға Данышпанов аға жеткіншек болсам да маған назар аударып қамқорлық жасап жүрді. Ауданда өткізілген шараларға қатыстыратын. Мектеп бітірген тұста әскери борыш алдан шықты. Ленинград түбінде Петрозаводск қаласында танкист ретінде әскери міндетімді өтедім.
Келген соң Алматы эстр­ада-цирк студиясына оқуға түстім. Бұл 1987 жыл еді. Өрімдей жастар едік. Мен Қайрат Байбосынов ағамыздың қолына, халықтық дәстүрлі ән бөліміне іліктім. Бізге қазақтың тамаша әншісі Жәнібек Кәрменов те дәріс беретін. Эстрада-цирк студиясын бітірген соң Абай атындағы Қа­зақ педагогикалық инс­ти­тутының 4 жылдық музы­калық факультетінде бі­лім алдым. Үлкен өнерге солай жол ашылды.
– Жұртшылық кеңінен тараған «Қапездің әні», «Екі жирен», «Көкшетау», «Теміртас» сияқты әндерді Рама­зан Стамғазиевтің шыр­­қауында құлағына сің­дірген. Өзіңізге қандай ән­дерді орындау ұнайды?  
– Өз басым халық әндері мен халық ком­пози­торларының әндерін орындауды ұнатамын. Шіркін, қазақтың ән өнері өте бай ғой. Репертуарымда Арқаның, Батыстың, Алтай­дың, Жетісудың әншілік мектептерінің інжу-маржандары жеткілікті. Тыңдарман менің орындауымдағы «Ақ жорғажан», «Ал, жаным-ай», «Алай көк», «Ахау бүрлен», «Дәурен-ай», «Екі жирен», «Қос торы», «Құрбым-ай», «Ой,кідігай», «Смет», «Сұр­жекей», «Хәләулім-ай» сияқты әндерді тек концерттерде ғана емес, интернет желілерінен де сүйсіне тың­дайтыны айқын байқа­лады.
– Несіпбек Айтовтың сөзіне жазылған Ақселеу Сейдімбектің «Дәурен-ай», Тұрсынжан Ша­пайдың «Да­риға-дәурен», «Арман-ай» ән­дері дәстүрлі ән өнерін­дегі ерекше бір құбы­лысқа айналды ғой. Жалпы Тұрсынжан – Несіпбек – Рамазан үштігі туралы не айтар едіңіз?
– Иә, бұл әндердің менің шығармашылымда орны ерекше. «Дариға-дәурен», «Сәу­ле-ғұмыр», «Айсәулем» бар­ған жерде көпшіліктің жиі сұрайтын дүниелері. Өз басы­ма Тұрсынжан шығар­машылығы қатты ұнайды. Бірқатар достары Тұрсынжан ағамды Түкем сал дейді ғой. Сал десең – сал, сері десең – сері. Әндерінің табиғатында көне дәуірдің күмбірі де, бүгінгі қитұрқы заманның келбеті де, ұлттың ұлылығына деген сүйіспеншілік те қатар өріліп жатыр. Он жылдай уақыттан бері қалыптасқан шығар­ма­шы­лық байланыс алдағы кез­де де жалғаса түседі деп ойлаймын.
– Ғылыммен де айналысып жүр дегенді құлағымыз шалады.
– Иә, кезінде магистратураны бітірдім. «Жетісу өңірінің Хан Тәңірі аймағы бойынша әншілік мектебі» деген тақырып бойынша екі жыл іздендім. Шамам жеткенше тереңірек зерттеуге тырыстым. Жетісудың әншілік мектебінің Шалтабай, Көдек, Қапез, Ырыскелді, Сәдіқожа сияқты көрнекті өкілдерінің шығармашылығына ден қойдым. Екі жылда тапқан олжам шаш етектен. Көдектің екі әні қолға түсті. Оның «Ал, Дариға», «Қыздар-ау, иғай» деген екі әні бүгінде Тілеулес Құрманғалиевтің орындауында дәстүрлі өнердің қоржынын салмақтандырып тұр.
– Қазіргі дәстүрлі ән өнерінің деңгейін қалай бағалайсыз?
– Қазақта «То­ты­құс бойын көріп сы­ланады, тұяғын көріп қор­ланады» деген мақал бар. Сол айтпақшы, дәстүрлі ән өнерінің жеткен биіктеріне мақтанамыз. Орын алып жат­қан келеңсіздіктеріне кү­йін­еміз.
Нарықтық қаты­нас­тар эстра­­далық ерек­ше­лік­тер­мен қоса, дәстүрлі ән өнеріне қажетсіз өзгерістер енгізіп жатыр. Өз басым бұ­ған қар­сы­мын. Мысалы, Қа­зақ­станда да өзге елден кел­ген өзбек, түрікмен ұлты­ның азаматтары аранжирлеу қызметімен айналысады. Арзандау болған соң әншілер соларға жүгінуге мәжбүр. Олар болса қазақ әндеріне өзге ұлт өнерінің иірімдері мен лиризмдерін қосып жібереді. Ал мұндай жат әуездер төл әндерімізді тұғы­рынан тайдырады. Ондай арзан дүниелерге әуес болудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
– Рамазан Өмірәліұлы, Сіздің әншілігіңіз жұрт­шылықтың көз алдында. Ал оқы­тушылық қызметіңіз беймәлім. Осы жөнінде әңгімелеп беріңізші…
– Шәкірт тәрбиелеу де бір абыройлы іс қой. 1989 жылдан «Қазақконцерт» бір­лестігі құрамында өнер көрсеткеніммен біртіндеп ұст­аздық салаға да бүйрегім бұра берді. 2006 жылдан бастап үш жыл Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқытушы, одан кейін тағы бір үш жыл Республикалық эстрада-цирк колледжінде оқытушы болдым. 2012 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі ән музыкасы» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, кафедра мең­геру­шісі қызметтерін ат­қарып келемін.
– Шәкірт тәрбиелеуде ұс­танатын басты қағи­даларыңыз қандай?
– Ата-анамыз бізді тәр­биелеп өсірді. Ертеңімізден үміт күтті. Сондықтан ата-анам мен ұстаздарым мен үшін жерге қарамауы тиіс. Менің өмірлік позициям – осы. Шәкірттеріме де «Әнші болу міндет емес, Адам болу міндет» деп айтып отырамын. Айналып келгенде негізгі түйін ұят, аманат дегенге келіп тіреледі.
– Оқырмандарға мерекелік тілегіңіз қандай?
– Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Әр шаңыраққа,әр оқырманға береке, бірлік, ұйымшыл тірлік тілеймін!

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ

Жауап қалдыру