Қазақтың алғашқы гиперреалисті

0
35

Қазақ мүсін өнерінде тас, қыш, метал, ағаш сынды материалдармен  түрлі мүсіндер жасалды. Ал силиконмен, балауызбен гиперреализм немесе гипернатурализм ағымындағы туынды бой көрсеткен емес. Гиперреализм дегеніміз грек тілінен аударғанда «шамадан тыс шындық» дегенді білдіреді. Бұл бағыт Еуропада ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап таныла бастады. Тек мүсін өнерінде емес, сурет өнерінде де, драматургияда да ұшқын байқалды. Ал қазақ жеріне келгеніне тек он жылдың көлемі болды. Онда да тек мүсін өнерінде 2009 жылы жас мүсінші Айдос Есмағанбетов қажетті материалдарын АҚШ-тан тапсырыс бойынша алдыртып, Абылай хан мен елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінін жасады. Кәсіби мүсіншілер жасамаған дүниені, «Бейнелеу өнері» пәнінің мұғалімі бедерлегені үлкен құрметке лайық. Арқалықтың Айдосы қазірде Астананың төрінде таптырмас маман. Мүсіндік өнері өз алдына, шынайы грим салу өнері бір төбе.

Ол Қостанай облысы, Арқалық қаласы маңындағы Қайынды ауылында 1986 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Десек те,  оның ата-анасы өнерден келте емес. Екеуінің де суретке қабілеті бар жандар. Айдостың бойына тараған өнер қанмен келді деуге болады. Әкесінің арнайы білімі болмаса да, әртүрлі мүсіндер жасайды. Ал анасы музыка пәнінің мұғалімі. Бірақ қолөнерге өте жақын. Бірге туған бауырлары да өнер адамдары. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» демекші, А.Есмағанбетов Қостанай Мемлекеттік педагогика институтының «Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Мүсін өнеріне деген қызығушылық студент кезінде  басталады. Себебі А.Есмағанбетов пейзаждың картиналарына қарағанда, портретті өте шебер салатын болған. Ал адамның бейнесін қыл қаламның көмегімен қағаз бетіне түсіру немесе мүсінін бедерлеу күрделі өнер түрі.  Сонымен талапкер ұстаздарының ықпалымен мүсінге біржола бет бұрады.  Бір күні теледидардан мадам Тюссоның мұражайында гиперреалистік мүсін жасалды дегенді көріп, неліктен біздің қазстандықтар мұндай дүниені көгілдір экранның арғы жағынан ғана көру керек деп ойлайды. Сол кезде мүсіншіге силиконмен мүсін жасау идеясы туады. Жас дарын иесі ендігі кезекте оны зерттей бастайды. Қазақстанда гиперреализммен ешкім айналыспаған. Сондыққан қиын-ақ, ғаламтордан оның жасалу тәсілдерін үйренеді. Арнайы сабақтары болмаса да, бейнебаяндардың үзінділерін көреді. Одан кейін  оған керекті құрал-жабдықтары мен материялын шетелден алдырту үшін қаражат жинайды. Ақыры осыдан он жыл бұрын алғашқы мүсінін бітіреді.  Аталмыш туынды қазақ өнерінде сенсация болу керек еді, өкінішке орай олай болмады. Баспасөз беттерінде жазылғанмен, үлкен қызығушылық тудырмады. Сонда да Айдос мұнымен шектелген жоқ. Барак Обаманың бейнесін жасады, ал қазіргі таңда Генадий Головкидің мүсінін бедерлеу үстінде.

А.Есмағанбетовтың мүсіндерін көрсеңіз, оны шын адам екен деп қаласыз. Оның келбеті, фактурасы, мүшелері, тіпті терісінің түсі, тырнағы, көзі, шашы,  қолындағы түгіне дейін сондай шеберлікпен жасалған. Оны бір көргенде қорқыныш сезімі тууы мүмкін. Себебі шын адамды қатырып қойғандай әсер аласыз. Оның үстіне кигізіп қойған костюм-шалбары 50-60 мың теңгені құрайды екен. Мүсінші оның тек сыртқы келбетін емес, оның мінезін, көңіл-күйін ашуға тырысқан. Айдос мүсінді бастамас бұрын, алдымен арнайы компьютерлік программа арқылы   сұлбасын шығарады. Оның анатомиясын зерттейді, әрбір майда көлеңкесіне дейін қарастырады. Шаштың әр талын орайына қарай ыңғайлап тігіп шығады. Көздің формасын жасап, оны бөлек бояуларымен қанықтырып, шын көздей мөлдір етіп орнына орналастырады.

А.Есмағанбетовтың мүсін өнерімен қатар, бет әрлеуші қызметін атқарады. Ол арнайы силиконмен адамның бетіне  шынайы грим салу, яғни актерға кәрі адамның бейнесін жасау немесе жасарту, құбыжыққа ұқсату, семіздің бейнесін келтіру сынды дүниелерді асқан шеберлікпен жасайды. Мұның жасалу техникасы шетелдік әдіс. Оны да ғаламтордан үйренген. Қазіргі таңда отандық кино түсірілім болса, бет әрлеушілерді шетелден шақыртады. Оған қыруар қаражат жұмсалады. Қазақстанда гримерлерді дайындайтын оқу орындары өте аз. Мәселен Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында бет әрлеушілерді төрт жылда бір қабылдайды. Онда да ескірген Кеңес үкіметінің әдісімен оқытады. Айдос Есмағанбетов сынды мамандардың кеңесіне жүгініп, кәсіби дайындап, дәрістер өткізіп, арнайы мамандар дайындау қажет.

Мүсінші кезінде «өзімнің жеке шеберханам болса екен», деп армандайтын. Жас дарынға қолдау көрсету мақсатында «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымы оған жеке шеберхана ашып берді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер түріне шыдамдылық пен төзім қажет. Айдостың жеке әлем бұрышына қашан барсаңыз да еңбек үстінде. Ол уақытқа жұмыс жасамайды, тәулікттің кез-келген сағатында шабыты құлаш ұруы мүмкін. Қорыта айтқанда, қазақ мүсін өнерінің тарихына үңілсек,  Тәуелсіздігіміздің арқасында қатып қалған Кеңес үкіметінің қағидаларынан арылып, басқа да елдердің технологияларын оқуға мүкіндік алып, жаңа бір белестерге жеткендейміз. Лайым солай болғай…

Альбина ТУЛАКОВА,

«Қазақстан патриоты» журналы

 

Жауап қалдыру