Қазақ өркениетінің жанашыры

0
51

Академик Еренғайып Омаровтың ғылыми-шығармашылық келбеті хақында

Адам баласы үшін шынайы өмірдің мәні жаратқан Иеміз арқылы ғылым мен білімді игеруде деп ойлаймын. Осы ретте түрік ақыны Жүніс Әміренің:
Ғылым, білім, ізденіс,
Өз-өзіңді тануың.
Танымасаң өзіңді,
Не пайда оқып, жарығым?! – деген сөзі орынды айтылғандай.
Кісінің кісілігі мен адамгершілігі бір нәрсені үйреніп, оны басқаларға үйретуімен танылады. Білмесе де үйренуді ойға алған адамның, үйрене жүріп, өзін іштей жетілдірген адамның рухани танымы да жоғары болатыны даусыз. Ал өзіндік мақсат-мұраты айқын, ғылымда орнын анық белгілеп, сол жолда алдына асқақ арман қойған жандар, Абайша айтсақ, кемел жандар тобын құрайды. Бұл тұрғыда ежелгі шежіре, тарих сілемдері тұрғысындағы аңыз бен болжам, ақиқат аралығын зерделеген, алғашқы жекеменшік «Қайнар» университетін ашып, білім қоңырауын сыңғырлатқан ғалым Еренғайып Сәліпұлы Омаровтың ғылыми шығар­машылық әлемдегі орны айырықша.
Жетпістің желкенін керген ғалым­ның ғылыми-шығармашылық әлемі өте күрделі әрі сан салалы. Ғалымның зерттеу еңбектерімен танысып отырғанда, ғылымның бүтіндігін, жалпыға ортақ біртұтас шексіздігін танисыз, ғылым мен өнердің сан қилы саласын бір-бірімен гармониялық үйлесіммен қиюластыра білген оның ұсталық талантына риза боласыз. Бірде атомдық физика қуатын кәсіби маман ретінде таныта білсе, кей сәтте білгір тарихшы сипатында қазақ халқының ежелгі шежіресін жарқыратып, алдыңызға жаяды, енді бір уақытта зерделі өнер танушы болмысында қазақ өркениетінің қанат жайып, дамығанын нақты деректермен дәйектей білген жан-жақты қабілетіне куә боласыз. Ал қазақ халқының ұлттық рухы мен өзіндік идеясын, салт-дәстүр, жөн-жоралғыларын зерделеп жинастыруы ғалымның этнографтық және пәлсапалық ой-өрісінің биіктігін, білімінің жан-жақтылығын аңғартады.
Осы тұрғыдан таразылап келгенде, ғалымның елімізге және шет елдерге өзіндік идея, тұжырымдарымен танымал екендігін аңғарамыз. Айталық, тек «Қазақ өркениетінің негізі» кітабының өзі неге тұрады? Еренғайып Сәліпұлы өркениеттің термин ретіндегі баламасын анықтай отырып, өркениеттің көрсеткіші ретінде қазақ жерінде 400-ге жуық қаланың өмір сүргенін дәлелдей келіп, ұлтымыздың бай мәдениетін өркениеттің тағы бір дәлелі түрінде орынды пайымдап танытады. Жалпы өркениет туралы зерттеуші ғалымдардың ғылыми тұжырымдарын аталмыш еңбекте келтіре отырып, өзінің нақты пікірін – өркениеттің рух, кітап пен кітапхана негізінде дамығандығын сенімді таразылайды.
Аталмыш кітапта көптеген соны деректер де ұшырасады. Еуразия кеңістігінің қазақтардың түп Отаны екенін, сонымен бірге Еуразия кіндігінің Семей қаласынан оңтүстікке қарай 120 шақырым жердегі Абай ауылы яғни Жидебай қыстауында орналасқанын нақты деректерге сүйене отырып көрсе­теді. Кітаптың «Еуразия кеңісті­гіндегі өркениет диалогы» тарауында еуразиялық өркениет туралы сарапталған автордың өзіндік ғы­лыми тұжырымдары да ғалым­дарды бей-жай қалдырмайды. Себебі Е. Омаровтың ғылыми пікірі әлемдік ғалымдардың зерттеулеріне негіз­деліп, нақты философиялық көз­қарас тұрғысынан дәйектеледі. Кітап­ты оқып отырып, қызықты, ерек­ше мағлұматтарды ой елегінен өткізесіз.
Автордың өзіндік ерекшелігінің бір қыры ретінде қазақ өркениетіндегі ұлттық идея мен рух туралы толғамын қадап айтар едік. Осы ретте қазақ қоғамына пайдасы тиетін білім мен ой-сананың нәтижесін пайдалана білу өмірде көп оқып, білім нәрін зердеге түйген адамдардың мағлұматы, жинақтап терген іс-тәжірибесі арқылы қажетке жарайтынын ұмытпауымыз керек-ақ. Басқалардан өзгеше ойлау– әдетте ақыл-ойы толысқан кемел адамдарға тән қасиет. Осы тұрғыдан келгенде, ғалымның қазақ ұлты мен мемлекетінің мүддесіне қатысты іс-шараларда, әсіресе ұлттық рух пен қазақы менталитет призмасынан өткізе отырып қарастырған өркениет идеясы ғалымның рухы асқақ, ойы терең екендігін айғақтайды.
Қазақ өркениетіндегі ұлттық идея мен рух туралы сөз қозғап, ұлттық дәстүрдегі наным-сенім, әдет-ғұрып, салт-дәстүр өзгешелігі және ұлттық этикет тұрғысында салмақты ой қорытқан академик Е.Омаровтың ойы мен ұстанымдарына тірек болған ел болашағына жанашырлық екендігі сөзсіз.
Автор өз зерттеуінде өрке­ниеттің негізгі тірегінің бірі ре­тінде дәстүрді танытады. Ал көркем әдебиетті қазақ халқы­ның ұлттық болмысы мен ой-пікі­-рінің, рухани ілімінің айнасы ретінде шебер айшықтап танытады. Ғалым өркениетті ғылым мен адамдықтың жоғары деңгейінде танылатын құбылыс сипатында танытуға ұмтылады, сонымен бірге қазақ өркениетінің дәстүрлі өнегелілік пен ұлттық құндылыққа негізделген, рухы – туған жер, атамекен, ана тілі, ұлт тарихы және менталитетімен бағаланатын дүниетанымдық өрісі қалыптасқан қазақ ұлты болғанын нақты деректермен сабақтап, тұжырымдап береді.
Кітаптың кезекті бөліміндегі жеке тұлғаның тарихи орны тұрғы­сындағы мағлұматтарын жалпы оқырман үшін де танымдық пайдасы зор дүние. Әлемдік дең­гей­дегі ірі тарихи тұлғалар жөнінде жүргі­зілген сауалнамалар мен оның қо­рытынды нәтижесінің де оқырман­дардың философиялық көзқарас­тары мен танымдық көкжиектерін дамы­туға игі әсерін тигізетіні кәміл. Е.Сәліпұлы­ның түркітілдес халықтар үшін сіңірген үлкен еңбегінің бірі – ұлы қолбасшы, ел билеуші Аттиланы зерттеп, «Аттила» кітабын жазып, баспадан шығаруы. Кітапта Аттиланың қазақ-ғұн өркениетінің даму кезеңінде өмір сүргенін, батырлығын, ержүрек қолбасшылығын, елге жасаған жақсылық істерін, рыцарлық өнерді енгізгенін, асқақ рухта өмір сүргені жан-жақты суреттеліп, тарихи деректермен өріліп беріледі.
Е.Сәліпұлының адами қасиетінің тағы бір құндылығы ретінде Аттила жобасы тақырыбымен ғұндар көсемі – Аттилаға Францияның Ла Шеп қаласында ескерткіш ашуға себепші болып, материалдық жағынан қолдау көрсетуін айтар едік.
Зерттеуші ғалым, білімді педагог Е.Сәліпұлының ел тарихын, салт-дәстүрін білуге деген қызығушылығы көпті таңғалдырады.Ұлы Жібек жолы бойымен саяхатқа шығып, Қытай мен Франция аралығындағы елді мекендердің тарихи шежірелерімен танысуы – осының айғағы.
Е.Сәліпұлының ұлттық құндылық­тарымызды танытуға, оларды қайта өркендетуге ұмтылған аталмыш еңбегі бүкіл қазақстандықтардың ру­хани өзгеруіне жол бастаған құнды еңбек. Іс-әрекетін рухына бағындыра білген жан адамдық пен ізгілік жолынан ауытқымайды делінеді, ал адамның іс-қимылы оның жан дүниесін бейнелейтін айна іспетті. «Ғылым – ақылдың шырағы, ал даналық– рух көгін жарқыратып нұрға бөлейтін найзағай» деген афоризм кейіпкеріміз – Е.Сәліпұлының шығармашылық келбетін танытуда елеулі рөл атқарып тұр десек, қателеспеспіз деп ойлаймыз.

Әнипа МҰХТАРОВА,
«Қайнар» университетінің профессоры.

Жауап қалдыру