Қазақ өнерімен сусындамақ

0
143

М.Әуезов атындағы Қа­зақ Мемлекеттік акаде­мия­лық драма театры желтоқсан айының 19-26 күн­дері Жапония аста­на­сы Токио қаласында гастрольдік сапармен бо­лады.
Сапар «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» атты Халықаралық жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің қолдауымен ұйымдас­тырылмақ. Сапар барысында театр ұжымы репертуардағы «Ақтастағы Ахи­о» спектаклін сахналап, «Ұлы Дала Елі» атты Ұлт руханиятын ұлықтайтын концерттік бағдарлама ұсынбақ. Сондай-ақ театр музейінен орын алған құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытатын көрме ұйымдастырады.
Еліміз үшін ауқымды Халық­аралық жобаның аясын­дағы «Токио сапарына» дайындық барысында «Ақтастағы Ахико» қойылымының идея авторлары Н.Дулатбеков, Е.Біләл және Қазақстандағы жапон азаматтары мен жапон тілін меңгеріп жүрген ізденушілер 17 қарашада қойылымды арнайы тамашалады. Келген қонақтар спектакль соңында өз пікірлерімен, қойылымнан алған әсерлерімен бөлісті. Ауқымды да салмақты, мазмұны мен мәні терең, мақсаты айқын бұл іс-сапарға театр ұжымы асқан жауапкершілікпен, барлық техникалық және шығармашылық мүм­кіндіктерді пайдалана отырып қызу дайындық жүргізді.
Қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын әкем-театрдың «Токио сапары» «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты Халықаралық жобаға қосылған үлес және қазақ өнерін әлемге танытуда жасалған нық қадам деп түсінгеніміз абзал. Бұл гастрольдік сапар бір ғана театрдың емес, күллі қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің мерейін үстем етіп, мәртебесін көтеретін іс-шара болатынына сенімдіміз.

Гүлзия СӘДУАҚАС

Жауап қалдыру