Қазақ би–шешендерінің көріпкелдік және болжампаздық қасиеттері

0
151

«Қазақ би-шешендері кімдер?» деген сұраққа ғылыми тұрғыдан мынандай тұжырымдама айтуға болады. Олар – ел-жұртының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өткен-кеткен шежіресін, тарихын, қоғамның даму барысын, айналада қоршаған табиғаттың сан-алуан қасиеттері мен құпияларын білетін, адамдардың көкірек көмбелеріне ой көзі­мен қарап көре алатын, алуан түрлі мінез-құлық­тарды айтқызбай-ақ тап басатын, ғылым-білімнен хабардар, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізіп беруде дара қасиеті бар біртума жандар.
Қазақ билері мен шешендерінің алысты бол­жайтын көрегендігі, асыл текті ақылдылығы, арғыны көре білген көсемдігі, ақпа-төкпе шешен­дігі сияқты ерекше қасиеттері аумалы-төкпелі алмағайып замандарды бастан кешірген кезеңдегі қазақ халқының «жұмғанда жұдырық болған» ішкі бірлігін сақтауда да, халымыздың басына зобалаң туып, сын сағаты соққан кезде де, мемле­кеттік деңгейде күрделі ішкі-сыртқы саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене араласып, көрегендік танытып отырды. Осы тұрғыдан әйгілі әрі киелі билеріміздің халық жадында сақталған олардың көріпкелдік, болжампаздық қасиеттерінен қысқаша деректер келтіре кетуді жөн деп санаймын.
Халқымызда «Түгел сөздің түбі бір – түп атасы Майқы би» деп бекер айтылмаған. Сондықтан сөз басын киелі би бабамыз Майқы биден бастасақ, бүкіл өмірден түйгендерін түйдектеп төгіп, ақыл таразысына салатын  Майқы бидің сөздері мірдің оғындай әрі өткір, әрі өктем көрінеді. Табиғат тылсымын, замана тынысын алдын ала сезінетін әулиелік қасиеттің де хас иесі болған ол, бола­шақ­қа да ой оздырып, төмендегідей жорамал айтады:
«Болғанда ақырзаман су тартылар, жігітке қарап тұрған қыз артылар, Көз жұмсам, hәмме бүлік көріп тұрам, бұдан соң қалай көңіл шарты болар», – деген ойы бүгінгі таңдағы қоғамымыздың келеңсіз жақтарының бірін дөп басып айтып тұрған жоқ па? Ал мына бір айтқан уәждеріне осы күні дау айта алар кісі табыла қоймас:
Еркек жасып би болар, қатын тұлданып би болар,
Еркек билік тұл болар, сиыр пұл болар,
…Төсекке есеппен жатарсың, жыныс зарпын ақшаға сатарсың…
Осы тұрғыдан аруақты баба Майқы бидің сонау ықылым заманда айтылған көсем сөзі мен көрегендігі көкірегінде сәулесі бар кімді болса да бас игіздеді, қалың ойға шомдырады, тебірентеді. Қара ормандай жұртының қамын жеген, семсер тілді киелі тұлға Майқы бидің ел бітімін, ел бірлігін ойлаған, жер тұтастығын толғаған жанайқайы қай ұрпаққа болса да сабақ, үлгі, елге ұран деп қабылдауға болады.
Сонымен қатар осыдан алты ғасыр бұрын  Алтын Орданың ханы Жәнібектің белді билерінің бірі болған, көріпкел абыз бабамыз  Асан Сәбитұлының (әйгілі Асан қайғы) өлең жолдарын оқығанда, бір жағынан елінің бірнеше ғасырлық тағдырын бір шумақ өлең жолына сыйғыза білген даналығына таң қалсақ, екіншіден, отандас­тары­мыздың оған осы уақытқа дейін жіті мән бермей, әрі түсінбей келе жатқандығында. Ал біздің түсіне алмай келе жатқанымыз тек Асан қайғы болмаса керек. Абайға дейінгі көптеген ұлы ақын-жыраулардың көріпкелдік, болжампаздық жыр-дастандары жарқ етіп бір көрініп, қайта жоғалып барады.
Жоғарыда аталған абыз Асан қайғының өлең жолдары көпшілігіміз күнделікті оқып, бірақ мәнін түсіне алмай жүрген:
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып, жаман болар,
Қарағайдың басына шортан шығып,
Ұрпағымның дәурені тамам болар, – дегені.
Бір үлкен жиында хан Абылай Бұқар жыраудан осы жолдардың мағынасын түсіндіруді сұрағанда, жырау былай деп жауап берген екен:
…Ойлама шортан ұшпас деп.
Күн батыстан бір дұспан,
Ақырда шығар сол тұстан.
Жүзі сары, көзі көк,
Бастығының аты поп.
Күн шығысқа қарайды.
Шашын алмай тарайды,
Құдайды білмес, діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ.
Аузы-басы жүн кәпір,
Жаяулап келер жұртыңа,
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа,
Жемқорларға жем беріп,
Азды көпке теңгеріп,
Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртыңа,
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды…
Алғашында Асан қайғы бабамыздың осы өлең жолдары мен Бұқар жыраудың оған берген анықтамасын солтүстіктегі көршіміздің елді шоқындыруға келген миссионерлері болар деп ой түйгенбіз. Ал тарихи дерекке жүгіне отырып, көріпкел бабамыздың бұл қасиетті  жолдары Ватикан саясатына қатысты айтылған екен деген ойға келдік. Өйткені ол кезде  Ресей Алтын Орданың бодандығынан  шығып, дербес мемлекет ретінде қалыптасып болмаған, ал Иван Грозныйдың  Қазан татарларының бір бөлігін шоқындыруына  әлі де бір ғасырдай уақыт бар еді. Яғни Асан қайғы бабамыз жорыған діни экспансия  Ресейден келген қауіп емес деп тұжырымдауға болады.
Осыдан үш ғасырдан астам бұрын өмір сүрген әйгілі Мөңке би Тілеуұлы (1675-1756) де өз халқының болашағына бей-жай қарай алмаған­дықтан әрі өзінің көріпкелдік қасиетінің арқа­сында үлкен дәлдікпен, көрегендікпен айтып кеткен төмендегідей болжамдарына мән бер­­­меуге әсте болмайды. Екінші жағынан бұл көре­гендік болжамдар бүгінгі таңдағы өмір сүріп жатқан қоғамымыздың нақты көрінісін айнытпай сипаттайды. Сонымен Мөңке бидің болжамдарына мән берелік:
Адам азады, жер жыртумен тозады.
Сөзде байлау болмайды, оны ұзаққа созады.
Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалады,
Жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалады.
Көлден су кетіп, адам шамалы қалады.
Әр тараптан ел болады, адамның тырнақтайы би болады.
Үлкеннің тілін кіші алмайды, жөн білетін ақылды болса, оның сөзін тыңдамайды.
Жеңілдікке салынып, өзін-өзі қорлайды,
Ұлы атадан бөлініп, үй болады, күнде айырбас шақырып ет болады.
Тартқаны домбыра, сырнай күй болады.
Ері ақша салмайды, әйелі базардан қалмайды.
Терлеп тапқан еңбегінің берекесі болмайды,
Ішкені шарап болып, өн бойына жұқпайды.
Қонақасты жақсы берсең, ол үйден төбелеспей шықпайды.
Адамшылық сөз айтсаң, ұқпайды.
Тоқтау сөз айтсаң, былапыттап боқтайды.
Әйелі тәуірдің шаруасы түзеледі, әйелі нашардың шаруасы күйзеледі.
Көйлекті шолақ, шалбарды қысқа киеді, борбай көрініп жүреді.
Адам азғанда ар-ұят болмайды, атаның тілін бала алмайды.
Құдай кеуілге бермесе, оны түзеп болмайды.
Жиғаны темір болады, жаққаны көмір болады.
Құлшылық жоқ, жайбарақат өмір болады.
Бейшарасы болады, ашытқан судан асы болады,
Адал, арамды білмейді, азған деген осы болады.
Ет пен майды тамақ демейді, шарапсыз жемейді,
Жасы жеткен көрер, одан арғысын көре алмадым,
Жаратқан ием өзі білер, – деген екен осыдан үш ғасыр бұрын әйгілі көріпкел Мөңке би.
Қорыта айтқанда, тарихы тереңде жатқан Қазақ Елінің әр кезеңінде өмір сүрген қазақтың би-шешендері өздерінің абыздық, көрегендік, болжампаздық әрі киелі қасиеттерімен болашақ қазақ қоғамында мүмкін болатын келеңсіздіктерді, рухани жұтаңдықпен, азғындықты дөп басып көрсете отырып, одан арылудың жолдарын анықтап, болашақ ұрпаққа сабақ боларлық, өнеге боларлық жолдарды көрсетіп кетті.

Жапар ӘЛДИБЕКОВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдыру