«Қасқыр ұлыған түн»

0
15

Жуырда Шымкент қаласындағы облыстық өзбек театрында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» романы сахналанды. Спектакльдің режиссері Ташкенттен арнайы шақырылған белгілі өнер қайраткері Саидсултан Жахангиров. Бас кейіпкер Данияр бейнесін театрдың жас актері – Жавлон Саитов, оның сүйген қызы Анжелика образын актриса – Василя Абдурахманова, символикалық бейне Қарт ананы Савриниса Розиметова мүсіндеді.
Үш күн бойы болған премьераны зал толы халық жүрек тебіренісімен жылы қабылдады.
Алғашқы күнгі премьерадан соң сахна төріне көтерілген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Ташкенттен арнайы келген Өзбекстанның көрнекті қаламгері, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты, Сәбит До­са­новтың аудармашысы Мех­­­мон Исламқұлов, об­лыс­тық кардиологиялық орта­лықтың бас дәрігері, профессор, Дүниежүзі кардиологтар Ассоц­иясының мүшесі Спандияр Бекжігітов, өзбек театрының дирек­торы Икрам Хошимжанов т.б. «Қасқыр ұлыған түн» спектакліне аса жоғары баға берді. Алматыдан ат арытып арнайы келген драма авторы Сәбит Досанов театр ұжымына, көрермендерге алғыс айтты.
Осы шығармашылық сапар аясында Сәбит Досанов білім орда­сының қарашаңырағы 80 жылдық тарихы бар педа­гогикалық институттың сту­денттері мен ұстаздар қауы­мымен кездесті. Кездесуде сөз алған институт ректоры, көрнекті қайраткер, әке-мәжілісімен Оңайбаев Аяшев институт ғылыми кеңесінің шешімімен Сәбит Досановқа институттық Құрметті профессоры атағы берілгенін хабарлады.
Институт студенттері Сәбит Досановтың жақұт жырларын жатқа оқып, өзбек театрының актерлері «Қасқыр ұлыған түн» спектаклінен үзінді көрсетті.
Сапар барысында Сәбит Досанов облыстағы «Айғақ» телеарнасына сұқбат берді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен болған кездесуде жазушы мәдениет пен денсаулық сақтау саласындағы проблемалар жайлы ойларымен бөлісті.
Сәбит Досанов Жұмат Шанин атындағы театрдың бас режиссері Жұмабек Есімовпен және театрдың белгілі актерлерімен де кездесіп, өзінің желтоқсан көтерілісі жайлы жазылған «Тозақ шеңбері» драмасын сәтті сахналағанына ризашылығын білдіріп, театр өнерінің өрісін кеңейту жайлы ойларымен бөлісті.

Әбсаттар ӘЛІП

Жауап қалдыру