Алматыда көшесі жоқ Тоқаштың оны Шымкенттен де таба алмайсыз

0
105

Ақын Тоқаш Бердияров – қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі екенін екінің бірі жақсы біледі. Сұ­рапыл соғыс жылдары елі мен жері үшін оқ пен оттың ортасында қатігез жаумен жағаласты. Кеңес жауынгерлерінің ерен ерлігін жырға қосты. Бейбіт өмірге оралғаннан кейін де бұрқыратып жалынды жырлар жазды. Отызшақты кітап шығарып, ойлы оқырмандарын отансүйгіштік сезімге баули білді. Өкінішке орай кейінгі кездері ақын есімін ұлықтау шаралары ұмыт қалған сыңайлы.
Олай дейтініміз, арман қала – Астананы айтпағанда жарты өмірін өткізген, сауық-сайран салып, қызығы мен шыжығын қатар көрген ару Алматының өзінде Тоқаш Бердияровтың атында мектеп не көше, яки оған арнап орнатылған ескерткіш жоқ. Ақын тұрған үйлерге мемориалдық ескерткіш тақта да орнатылмаған. Мұндайды шырайлы Шымкент шаһарынан да іздеп таба алмайсыздар. 1995 жылы қоңыр күзде арқалы ақынның 70 жылдық мерейтойында ар­найы баяндама жасаған белгілі жазушы Мархабат Байғұттың: «Шымкентте Тоқаш Бердияровтың атына көше берілетін болды!» – деп жалпақ жұрттан сүйінші сұрағаны жадымызда. Бірақ ол да аяқсыз қалды. Оны айтасыз, өзі туып-өскен алақандай ауылға да ақын атын қоя алмай, әлде қия алмай отырмыз ғой.
Ақынның туған жері Келес ауданында Ұшқын деген атау бір емес, екі рет кезігеді. Оның біреуі ауылдық округ болса, екіншісі елдімекен. Осы екеуін шатастырмау үшін әрі ақын туған ауылға Тоқаш Бердияровтың есімін беру мәселесі қаншама рет көтерілгенімен, әлі күнге дейін сиырқұйымшақтанып, са­ғызша созылып, шешімін таппай жүр. Тоқаң бақилыққа аттанғаннан кейін 70 және 90 жылдық мерейтойлары кеңінен атап өтілді. Оның алғашқысында арқалы ақынның құрметіне Халықаралық деңгейдегі мү­­шәйра мен спорт жарысы өткізілді. Кейінгісінде ал­ма­тылық ақын Болат Шара­хымбайдың құрас­ты­руымен Тоқаш Бердияровтың «Адыраспан» атты таңдамалы жыр жинағы мен арқалы ақын туралы «Көке» деп атала­тын естеліктер жинағы шыға­­рыл­ды. Алайда түрлі себептермен 80 жылдық мерейтойы аталмай қалды. Ал биыл Тоқаңның бақилық болғанына 30 жыл толып отыр.
Осы орайда Тоқаңның көзін көрген, кітаптарын шығар­ған айтулы ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағы бас­қар­масының төра­ғасы Ұлықбек Есдәулетов, Алматы және Шым­кент қала­ларының әкім­дері – Бауыржан Байбек пен Ғабидолла Әбдіра­хы­мовтың тарапынан бұл өткір де өзекті мәселеге қозғау салынып, ізгілікті де игілікті іс-шаралар қолға алынса екен дейміз.
Ұшқын ауылдық округіндегі арқалы ақын есімін еншілеген №127 жалпы орта мектебінде қалыптасқан жақсы бір игі дәстүр жабырқаған көңілге медеу болып жүр. Мектеп ұжы­мы жыл сайын Тоқаңның жа­рық дүниеге келген және ба­қилық болған күндерін елеусіз, ескерусіз қалдырған емес. Шама-шарықтарына қарай атап өтіп келеді. Волейболдан жарыс ұйымдастырады. Қажет болған жағдайда аудан, облыс көлеміндегі қадір­менді қонақтарды шақы­рып, олардың ақын туралы тол­ға­ныстарын тыңдайды. Тоқаң­ның асқақ рухына Құран ба­ғыштап, өздерінің дәм-тұзын ұсынады. Шақырған қонақ­тарын сый-сияпатсыз қал­дыр­майды. Аталмыш білім ордасын ұзақ жылдар бойы бас­қарған білікті басшы Бү­бі­зина Тұрымбетова осындай жақсы үрдісті берік ұстанып келгеніне қалайша сүйсінбессің. Оның осы бір сауапты тірлігін ай­рықша ілтипатпен тілге алғанымыз жөн. Енді ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін қазіргі мектеп директоры Ержан Юсупов та сол жолды сеніммен жалғастырады деген үміттеміз.
Тоқаш Бердия­ров­тың туындылары мен ол туралы естелік кітаптар шығаруды батыл қолға алып, ақынды ұлықтау шараларына ұйытқы болып жүрген жерлесіміз журналист, ақын, баспагер, Әбдісаттар Әліпке жұртшылықтың ризашылығы ерекше. Ол ақынды ұлықтау жайында республикалық баспа­сөз беттерінде мақала лар жазумен қоса-қабат 2016 жылы Шымкенттегі «Азиат» баспасынан «Әдебиет әлемі» сериясымен көлемі 512 беттік «Талантымен талайды там­сан­­дырған тылсым тағдыр ту­ралы толға­ныстар» атты ар­найы жинақтың алғашқы кіта­бын жарыққа шығарды. Екін­ші кітабын да баспаға әзір­леп қойып, демеушілер іздеп отыр­ған жағдайы бар. Енді бәрі­міз жабылып жүріп соған жәрдем берейік. Қала берді ілтипатшыл ініміздің өзге де кітаптарын баспа бетін көруіне, шығармашылық кешін өткізуге қолдан келгенше көмек көрсетейік. Осының бәрі сайып келгенде, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай жүзеге асы­ылуға тиіс ізгілікті де игілікті жұмыстардың бірі әрі бірегейі болмақ.
Әлбетте бұл игі істер жақсы, бірақ ақын есімін елеп-ескеруде жеткіліксіз. Сондықтан жоғарыда айтқан тұлғалардан үмітіміз зор. Тоқаңа қанша тағзым етсек те, құрмет көрсетсек те әбден жарасады. Туған жеріміздің тұлғаларын дәріптеу арқылы біз өзіміздің кім екенімізді таныта аламыз.

Құттыбай ҚАЛЫБАЕВ,
Тоқаш Бердияровтың туыс інісі.
Түркістан облысы
Келес ауданы.

Жауап қалдыру