Алашымның аспанын аруақтарым айбынымен тіреп тұр…

0
57

Үстіміздегі жылғы 13 маусымда қазақтың көрнекті ақыны, мемлекет және қоғам қай­раткері, Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының төрағасы, көрнекті ақын дра­матург Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин ме­рейлі 70 жасқа толмақ.  Алғашқы өлеңдері «Жас керуен» (1969), «Көктем тынысы» (1975) ұжымдық жинақтарына енген. Ақынның бұдан кейін ондаған жыр жинақтары  жарық көрді. Өміріміздің қат-қабат қырлары мен сырларын талдауға, тануға ден қоятын «Шырақ жанған түн», «Тас киіктер», «Аққұс туралы аңыз», «Қарымта», «Қилы заман», «Бастықтың бір күні», «Қара­қазан ғасыр», «Көктемнің соңғы кеші» тәрізді дра­малық шығармалары көп жылдар бо­йы Қазақстан театрларында табыспен жүріп, теле-радио спектакльдерінің арқауына айнал­ды. Нұрлан Оразалин орыс, үнді қалмақ, әзірбай­жан, неміс драматургтерінің пьесаларын қазақ­шаға аударды. Өзінің пьесалары орыс, украин, қырғыз тілдеріне аударылып, өлеңдері орыс, француз, ағылшын, украин, болгар, түрік, молдаван, қырғыз, өзбек тілдеріне тәржімаланды. Ол еліміздің саяси, мәдени, өміріне қоян-қолтық араласып, рухани кеңістігіміз бен ұлттық ойлау жүйеміздің тұтастығын сақтауда қай­раткерлік қарым танытып жүрген тұлға. Төменде ақынның мерейтойына орай бір топ өлеңдері ұсынылған.

Қажетті ме?
Майда, жұмсақ жүндейсің:
Қажетсіз бе?
Сөз жіберіп күндейсің.

Бар өмірің – хан базар,
Күмәндісің…
Тұмандысың…
Түндейсің…

Ең бастысы:
Өз жолыңды,
өз орныңды
білмейсің…
Дәуір туар дәуірлердің артынан
Дүниенің алды – алды шаттық, арты мұң,
арсыздардан бойыңды аулақ тарт, ұлым!
Өмір – тасқын…
Тағдыр – дүлей…
Хақ – әділ…
Құныққанның «құстырады» артығын.

Аспа!
Таспа!
Астамсыма!
Орғыма!
Байқамасаң, тіршілігің – тор мына.
Адамдардан алғыс алу – шын бақыт,
ала жіпті аттау, балам, зор күнә.
Өгейсіме!
Өгейсітпе ел ішін!
Өмір көркі – үйлесім мен келісім.
Не көрсең де, еліңмен көр, бөленбе,
Елде сенің – өрің менен еңісің.

Ел жоқ жерде – тарылады өрісің
Ел жоқ жерде – өлі теңіз, өлі шың.
Елі жоқта – ғалам ұлы – тұл жетім.
Жетім!
Жетім!
Үйлесм мен келісім…
Еліңді сүй!
Елде – сенің Жеңісің!
Дүние-жерік
Біреулер күй іздеп жүр,
біреулер сый іздеп жүр,
біреулер үй іздеп жүр,
біреулер ми іздеп жүр,
Алты құрлық – тынышсыз,
Әркі-тәркі…
Бірін-бірі біреулер
мүйіздеп жүр.

Біреулер желік боп жүр,
біреулер көлік боп жүр,
біреулер елік боп жүр,
біреулер өлік боп жүр…
Алты құрлық өмірі –
ала-құла.
Біреулер солықтап жүр
біреулер еліктеп жүр.

біреулер еріп кеп жүр,
біреулер серік боп жүр,
біреулер берік боп жүр,
біреулер көрік боп жүр…
Алты құрлық аспаны –
алақұйын,
Өзгеріске бір сұмдық…
Жерік боп жүр.

Біреудің сиы – құда,
Біреудің миы – құда,
біреудің үйі – құда,
біреудің күйі – құда…
«Кәрі құда қыс сынды
әлек салып»
Алып ғалам тартуда…
Ұйығына…

АРУАҚТАРЫ АЛАШТЫҢ
Жан алысып, жан беріскен кезім боп,
қара көрік ғасырларым…
Көзіңде – от…
Ала құйын заманалар күркіреп,
бас көтеріп, сөйлейтіндей безілдеп.

Бабалардың бірі батыр, текті, ірі,
бірі – дауыл,
бірі –  жауын,
от – бірі, жасқанбастан байтақ үшін бас тіккен,
ақ сүңгі мен ақ семсердің өткірі.

Жігер, намыс, жұмылдырған тілек бір,
өткендердің бәрі – жайсаң, жүректі ұл.
Әлі күнге Алашымның аспанын,
сеземісің, аруақтарым тіреп тұр.

Өзгерместің ауыр жүгін өңгеріп,
теңгерместі тұрғандайын теңгеріп;
жүректерге жал бітіріп тұрғандай,
аруақтарым айдыныма өң беріп.

Қуанғанда көзден жасы тамшылап,
сөйлейтіндей (тұрмақ қалай жан шыдап?!);
қамыққанда аруақтарым сілкініп,
сабайтындай санамды кеп қамшылап.

Шалыс бассам… Күңіреніп кейде шын,
ақ дауыл боп сапырардай ой көшін…
Қалың аруақ көкірегімде қозғалып,
көктің ұлы жыртатындай жейдесін.

Ерлік…
Елдік…
Жұмылдырған тілек бір,
ерлерімнің бәрі жайсаң жүректі ұл.
Әлі күнге Алашымның аспанын
Аруақтарым айбынымен тіреп тұр…
Ей, кеудемсоқ!
Менмен ұстау өзіңді,
ақырайтпа көзіңді.
Айтқаныңның құны жұртқа – көк тиын,
қор қылмаймын сөзімді.

Еліңе аян шабысың мен құлашың,
көтермейді, сірә сын.
Өз ұлтыңды тұқыртып,
ұлыс жайлы
сөз айтқансып тұрасың.

Топ алдында «көсемсініп» сөйлейсің,
«бүй» дейсің де «өй» дейсің.
Ақиқаты – «ұлылықпен шалдыққан»,
нағыз «мықты», «гөй-гөйсің».
Әлсіздерге
қара бұлттай төнесің,
құлар тұста – көнесің.
Ел көзінде аңғармай,
өз бейнеңді өзің жасап келесің.

КЕЛІСУ МЕН КЕЛІСПЕУ
Дүние Ұлы!
Пәктігімді алдың – келістім,
ақтығымды алдың – келістім.
айлар мен жылдар қалды артта,
шаттығымды алдың – келістім:
мойымай қанат сермедім,
Уақытпенен тең ұштым…

Жастығымды алдың – келістім,
мастығымды алдың – келістім;
арзымас сәттер қалды артта,
бастығып алдым – келістім:
Асуларымды електеп,
аптығын бастым еңістің.

Тілегімді алдың – келістім,
тілегімді алдың – келістім;
Жүйкеме сызат түсірдің,
Білегімді алдың – келістім:
Ұрпағым, ұлтым үшін деп,
басында жүрдім көп істің…

Дүние Ұлы!
Даусыңа салғын – келісем,
жауыңа салғын – келісем;
Тіліме тие көрме тек,
тексіз деп ұқпа мені сен:
қиындау болар қозғалса,
іштегі жатқан өлі сең!…

Дертіңе салғын – келісем,
Сертіңе салғын – келісем.
Жеріме тие көрме тек,
жігерсіз деме мені сен:
Жер үшін…
Міне!
Иманым,
Иілмей тұрып керісем!

Жауап қалдыру