Адам бойынан табылмаған – ар жетім, Халқына қиянат жасаған – хан жетім

0
89

Той – тек қуанышты бөлісу ғана емес, ол мәдениет сахнасы. Ағайын-туыстың ауызбіршілігіне, жастарға өнеге айтуға бағытталған осындай іс-шараның тәрбиелік маңызы өте зор. Өкінішке қарай көптеген асабалар мұны бажайлай бермейді. Десе де «Ел іші – өнер кеніші» демекші, асабалардың ішінде де сөздің мәнін түсінетін, сөзді қауып айтпай, тауып айтатын сөзмер жігіттер де баршылық. Соның бірі – Әділбай Жаниязов. Ол қазақи айшықты сөздерді орнымен қолданып, ықылас шуағын жүректерге жеткізе алатын асаба. Бірде: «О, аспан, төсіңе күн көтерілсе бауырыңнан жұлдыз қашқан, адамның өмірі солай шығар, бірде тасқан, бірде тосқан. Ал күн кетсе бауырына жұлдыз шашқан», – деп пәлсафалық ой тастаса, бірде «Оңтүстіктің өтірігі де қабыл болар, өйткені өтірік айтса да құдай қаласа деп айтады», – деп жұртты әзіл-күлкіге қарық қылып қоятыны тағы бар. Тіркестері тосын, қанатты сөздерге сұранып-ақ тұр: «Саумал сүттей қыздарың түскен жеріне қаймақ болсын», «Екі құдай қосқан құданы арамза туған бала айырады», деген сөздері жұртшылықты өзіне еріксіз баурап алады. Әділбайдың қанатты сөздері көпшіліктің көңілінен шығып, тіптен біраз естімей қалсақ, сөзіне сусап тұратынымыз тағы бар. Төменде жалпы оқырманға Әділбайдың ой түйіндері ұсынылып отыр.
Жер жаратты Жаратқан құнды қылып,
Күн жаратты Құдірет түнді қуып…
Адамзаттың абзалы Пайғамбарлар,
Жақсылыққа бастайды белді буып.
Не жоғалтып аласың, нені тауып,
Кеткенінде шүберек бетің жауып?!
* * *
Жақсыға кедергі көп – өз ұяты…
Наданға кедергі жоқ – жоқ ұяты.
* * *
Ей, жолаушы!
Болмаңдар бір-біріңді тонаушы.
Ей, жолаушы,
Болмаңдар, бір-біріңді қорлаушы!

Ей, жолаушы!
Тежеуіш жоқ, бәрің де бір көлікте…
Ей, жолаушы,
Бәрің де, бір жолаушы!..
* * *
Айтпаңдар, қайырсызды «бай адам!» – деп,
Көп надан мені ойлайды, жәй адам деп.
Барыңды бөлісіңдер қандасыңмен,
Сұрақтан құтқарады қай адам кеп!?
* * *
Адам бойынан табылмаған – ар жетім.
Халқына қиянат жасаған – хан жетім.
* * *
Мына заман, қай заман?! Әннің айтылуы емес, билеттің сатылуын санайтын заман.
* * *
Ханда – қанағат болса, халықта – шапағат болады.
* * *
Жер – Ана, Әйел – дара, жеке-дара.
Көбейген анаменен дүйім дала.
Қисайған талай жанның шаңырағын,
Көтерген биігіне Әйел – дана!
* * *
Қазақ айтады: «Өлі жебемей, тірі байымас…» – деп.
Соған жауап: Ол рас, ағаш алыстан көрініп, жақындап, жапырағын ұстап, жемісін жегеніңмен, тамыры жердің астында.
* * *
Қазақ: «алысты жақын қылған қыз – әулие» дейді. Қыздың әулиелігі – сонда, барған жерін ел қылады, төркінін тілегімен көл қылады.
* * *
Итінің иесінен айырмашылығы – көршісіне үрмейді.

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ

Алматы облысы

Жауап қалдыру