Ақын есімі ардақталды

0
39

Жақында Жамбыл ауданындағы Б.Қыдырбекұлы ауылының Мәдениет үйінде Жетісудың жыр сүлейі атанған Сүйінбайдың шәкірті – ақын, жырау, жыршы Өмірзақ Қарғабайұлының туғанына 160 жыл толуына орай үлкен мерекелік еске алу шарасы өткізілді.
Мерекелік шараны белгілі жыр шайыры Үмбетәлі Кәрі­баев­тың немересі Әуелбек Ысқақов ашып, кітапханашы Ханиза Уә­лиева ақынның өмірі мен шы­ғар­машылығы туралы баян­дама жасады. «Халық ақыны Өмір­зақ Қарғабайұлы 1857 жылы қыр­күйек айында осы күнгі Жамбыл ауда­нына қарасты Қарақыстақ ауы­лында (бұрынғы Ұзынағаш болысындағы Үрістембек бас­тауының маңына қоныс­танған үшін­ші ауыл) дүниеге келген. Ол жас кезінен-ақ өлең-жырға құмар бала болып өскен. Өз тұстас­тарынан негізгі ерекшелігі сол – қарғадай ғана қара бала ерекше дарынды, құймақұлақ еді.
Даңқы жер жарған Сүйінбайға еліктегені шығар, Өмірұзақ та қолына домбыра ұстамай өткен ақын. Оның да дастандар толғар алдында құлағын бұрап-бұрап жіберіп шырқайтын әдеті болған. Ақынның құй­ма­құлақтығы сон­шалық, Сүйінбайдың барлық айтыс­тарын, жыр-дастандарын халық ауыз әдебиетін жинау­шыларға үтір-нүктесіне дейін айтып беріп жазғызған. Жыр бәйге­сінде жастайынан Жамбылмен қа­тар шауып жүрген Өмірұзақ ақын тіпті баспасөз бетінде де оны­мен қатар көрінеді», – деп атап өтті.
Соңы мектеп оқушылары қой­ған ән-жырға ұласты.
Әділбай Таубасаров
Еменнің иір бұтағы сынды
Ақын, жырау, жыршы Өмірұзақ Қарғабайұлының 160 жылдығына
Еменнің иір бұтағы сынды,
Оңайлықпенен сынбайтын.
Өткір алмастай – былғары қынды,
Жарыққа шықпай тынбайтын.

Қалжыңы – қақпан, уытты тілмен,
Жамбылдың өзін түйреген.
Таңдарға кеткен, дастандар толғап
Жыр көшін алға сүйреген.

Өзінің-өзі құлағын бұрап,
«Сүйекем асыл «бүй», – деген
Жүрсе де дәйім халқына ұнап
Мауытты шекпен кимеген.

Топ алдына шығарда жаңа,
Кеудемді жырдың буғаны-ай!
Атыңызды Ата, асқақтатса екен,
Биылғы көктем, туған ай!

Көкірегіне қиссалар тұнған,
Тұрымтай тұрпат хас абыз.
Жыршылардың сарқыты болған,
Өмеке, мәңгі жасаңыз!
Жыр абыз, мәңгі жасаңыз!

Азат Мұсаұлы
Б.Қыдырбекұлы ауылы,
Жамбыл ауданы,
Алматы облысы.

Жауап қалдыру